Жылыту жүйелері
«СПМНУ ЖШС мамандары желдету жүйесінің жабдықтарын таңдап көмектесуге, қажетті есептеулерді жүргізуге, жеткізіп және құрастырып беруге, іске қосуға және сервистік қызмет атқаруға ылғи дайын. Біз өндірістік базамызда ауа арналары мен фасонды бөлшектерді жасап шығарамыз.»
Көп жағдайда біздің үйлерімізде сумен жылыту жүйелері пайдаланылады, яғни жылу тасығыш ретінде кәдімгі суды пайдаланатын жылыту жүйелері. Бізге сумен жылыту жүйелері үйреншікті болғандықтан, біз оны көңіл бөлуді кажет ететін жүйе ретінде қабылдамаймыз. Алайда сумен жылыту жүйесін үйімізге қондырғанның өзінде, біздің үйіміздің кейбір ерекшеліктерін ескергеніміз дұрыс, әсіресе қазіргі, жылуды тұтынудың бағасы өсіп келе жатқан кезде:
- Жылу көздері
- Сыртқы жылыту торабына қосылу
- Жеке және балама жылу көздері
- Құбыр желілері
- Табиғи және сорғы арқылы айналым
- Құбырдың алуан түрлері
- Жылыту құралдары
- Конвекторлар
- Радиаторлар
- Термореттегіштер
Жылу көздері
Жылу көзі кез келген жылыту жүйесінің негізі болып табылады. Жылу көзі ретінде ЖЭЦ, я бір немесе бірнеше үйге арналып құрылған қазандық болуы мүмкін.
ЖЭЦ параметрі тұрғын үйді жылытуға келіспейтін ыстық суды қалаға таратады. Сол себепті ЖЭЦ-тен келген судың параметрлерін бірнеше үйлер тобына немесе жеке бір үйге қызмет етіп тұратын орталық жылыту пунктілері (ОЖП) реттеп отырады. ЖЭЦ-тен жылу температуралық график бойынша жіберіліп отырады, яғни сырттағы ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, ЖЭЦ-тен жіберілетін судың температурасының соғұрлым жоғары болуы керек.
Сумен жылыту жүйесін орнату барысында кейбір ерекшеліктер ескеріліп отыру керек
Жылыту жүйесін жылу тораптарына қосу тәуелді немесе тәуелсіз сұлба арқылы жүргізіледі. Жылу тұтыну жүйесінің тәуелді қосылу сұлбасында жылу торабындағы ысытылған су белгілі бір пропорция бойынша жылыту жүйесінен қайтып келген сумен араласады да, сол арқылы жылыту жүйесіне қажетті су температурасы алынады. Осындай қосылу кезінде жылу пунктілері қоспалауыш сорғы қондырғыларымен немесе су ағынды элеваторлармен жабдықталады.
Жылу тұтыну жүйесінің тәуелсіз қосылу сұлбасында ысытылған су жылу алмастырғыштың қабырғалары арқылы жылыту жүйелерінің су контурымен жанасып өтеді (су араласпайды). Ол үшін су жылу алмастырғыштары қолданылады, ал қажетті су қысымын айналым сорғысы қамтамасыз етеді. Егер де сіздің үйіңіз бірнеше үйлер шоғырына қызмет ететін сыртқы жылу торабына қосылмаған болса үйіңізге қуаттылығы сәйкес келетін қазандық орнатқан абзал. Қазандық газбен, электр қуатымен, я болмаса қатты немесе сұйық отын арқылы жұмыс жасайды. Сонымен қатар қазандық үй шатырына орналастырылған күн элементімен де жұмыс істеуі мүмкін. Алайда қазандықтың бұл түрін орнату елдегі климаттық жағдай мен техникалық-экономикалық ахуалға тығыз байланысты. Біздің елімізде қазіргі таңда күн энергиясын қолданатын қондырғылар кеңінен пайдаланылмайды, алайда еліміздің кейбір өңірлерінде бұл бағыттың келешегінің болуы сөзсіз. Бұл жағдайда жылу сорғысы жылыту көзі болып табылады.
Құбыр желілері
Үй бөлмелеріне жылуды тасымалдау үшін құбыр желілері қолданылады. Желінің құрылысы мен түрі жобалау кезеңінде анықталады. Жылу жүйесінің бойындағы су айналымы табиғи немесе жасанды түрде (сорғы күшімен) өтуі мүмкін.
Табиғи су айналымы барысында құбыр бойындағы су қозғалысы жеткізуші құбыржолындағы су мен, жылу құралдары арқылы өтіп, салқындаған судың тығыздығының айырмашылығы арқылы жүзеге асады. Бұндай айналымның дұрыс жұмысы жүйенің жоғарғы деңгейі мен қазандықтың арасындағы құбырлардың биіктіктерінің алмасып тұруын қажет етеді.
Табиғи су айналымы арқылы жүзеге асатын жылу жүйесінде су қысымының төмендеуінің алдын алу үшін диаметрі үлкен құбырлар пайдаланылады. Табиғи су айналымымен тек қана кішігірім, мысалы жеке меншік үйлерде орнатылатын жылу жүйелері жасайды. Су айналым сорғысы орнатылған жүйе бұл жағдайда неғұрлым әмбебап және сенімді болып келеді. Бұл жүйеде жабық контурдағы суды айналдыратын қысым тегеурінін электрлі айналым сорғысы қамтамасыз етеді. Жылыту жүйесіндегі құбыр желілерін ашық немесе жасырын түрде (мысалы су арқылы жылытылатын еденнің қоймалжың цемент ерітіндісінің астына орнату арқылы)орнатуға болады. Жылыту жүйесінде қолданылатын құбырдың әр түрі болады: металлдық, металл-пластикалық және пластикалық.
- Болат құбырлар жоғары қысымға шыдамды келеді және жоғары температураларға (тіпті тым ысытылған суға да) арналған. Бұл құбыр түрлерінің бағасы металл-пластикалық, пластикалық және мыс құбырлардың бағаларынан төмен болады. Бұл құбырлардың кемшіліктеріне келетін болсақ, олар: салмағының ауыр болуы, коррозияға бейімділігі, құрастырудың қиындығы, ашық түрде орнату кезінде бояудың қажеттілігі.
- Металл-пластикалық құбырлар (PEX-AL-PEX) жылыту құралдары бар жүйеге де, сумен жылытылатын еденге де арналған. Болат құбырлармен салыстырғанда бұл құбырлардың беттері тегіс болғандықтан, олардың гидравликалық кедергісі төмен болады, яғни жылу тасымалдағыш құбыр бойымен жылжығанда қысымын көп азайтпайды. Қысымның көп кетпеуі қуаттылығы азырақ айналым сорғысын пайдалануға мүмкіншілік береді. Металл-пластикалық құбырларды қолмен оңай июге болады, ол кейін өз қалпына қайтып келеді. Бағасы жағынан қарайтын болсақ – металл-пластикалық құбырлардың болат және полиэтиленді (PEX)құбырлардан бағасы жоғары.
- Полиэтиленді құбырлардың (PEX) жоғары температураға шыдамдылығы металл-пластикалық құбырларға қарағанда төменірек болады, сол себепті оларды әдетте сумен жылытылатын едендерге пайдаланады, өйткені еден астына төселетін құбырдың бойындағы су температурасы әдетте 40-50°C жоғары болмайды. PEX құбырлары әдетте жасырын түрде орнатылады, себебі оны қолдану ережесінде бұл құбырлар түрін күн сәулесінен сақтау туралы нұсқаулар бар. Бұл құбырларды қолмен майыстыруға болады және олар қайтып өз қалпына келеді, дегенмен де PEX құбырлары металл-пластикалық құбырлардай иілімді емес.
- Мыс құбырлары металл-пластикалық және пластикалық құбырлар сияқты коррозияға төзімді келеді және оның гидравликалық кедергісі де төмен келеді. Мыс құбырларын жылыту жүйесінің құрылғыларына да жылытылатын едендердің астына да орнатуға болады. Бұл құбырлардың кемшілігі – олардың құнының жоғарылығы, олардың бағасы жоғарыда аталып өткен барлық құбырлардың бағасынан да қымбат.
Жылыту құралдары
Жылу тасымалдағыш қазандықтан құбырлар жүйесі арқылы өтіп, белгілі бір ғимараттың жылыту құралдарына барып жетеді де, ғимарат ішінде қажетті температура деңгейін сақтап тұру үшін өз жылуын береді. Заманауи жылыту құралдарының сырт келбеті жағымды және жылутехникалық сипаттамалары жақсы болып келеді. Бұл құралдарды әдетте бөлменің сыртқы қабырғасына немесе терезе астына орнатады. Бұл құралдардың бетіне сәнді қалқа орналастырудың алдында жылу қуаттылығын 10%-ға көтеруді ескерген жөн. Жылыту құралдары екі үлкен топқа бөлінеді : конвекторлар мен радиаторлар.
Конвектор жұмыс барысында жоғары көтерілетін жылу ағысын (конвекция) күшейтеді. Конвекторлардың кемшіліктеріне олардың жылуалмастырғыштарының қабырғаларын тазалаудың қиындығы, себебі уақыт өте келе олардың бетіне шаң қонып, жиналуы мүмкін. Терезелері үлкен (витриналы) ғимараттарда конвекторды қолданған жөн, әсіресе еденге қондырылатын конвектор түрлерін қондырған ыңғайлы болады. Әйнек бойында жылытылған ауа ағысын күшейту мақсатында бұндай конвекторларға қосымша конструктивті түрде желдеткіштер орнатылады. Қазіргі таңда түрлері мен көлемдері әр алуан болат және биметалды конвекторлар бар. Олардың сыртқы келбеттері де түрлі болып келеді.
Радиаторлар сыртқа өз жылуын бөлу (радиация) арқылы, яғни айналадағы заттарды жылытып, ал олар өз кезегінде ауаға жылу таратып, бөлмедегі ауа температурасын арттыратын құрал. Әдетте, радиаторларды шаңнан тазалау оңай болғандықтан, оларды тазалыққа жоғары талап қойылатын мекемелерде (мысалы денсаулық сақтау мекемелерінде) орнатады.
Қазіргі таңда нарықта радиаторлардың негізгі түрлері олар: шойын, алюминий, биметалды, болат түтікті, болат тақталы және дизайндық радиаторлар.
- Шойын радиаторлар салыстырмалы түрде төмен қысымға (9 атм) арналған, жылу бергіштік қасиеті басқа радиаторлармен салыстырғанда төмендеу, жылу сыйымдылығы жоғары (ұзақ жылиды да, ұзақ суиды), коррозияға төзімді және салмағы ауыр болады.
- Алюминий радиаторлары 20-25 атм дейінгі қысымға арналған,
жылу бергіштік қасиеті жоғары, жүйе реттеу кезіндегі жылу тасымалдағыштың температуралық өзгерістеріне шыдамды, жылу тасымалдағыштың PH деңгейі 7-8 тең кезде коррозияға төзімді, салмағы жеңіл. Жылу тасымалдағышпен жанасқан кезде көміртегін бөледі, сондықтан жылыту жүйесінен алдын-ала ауаны шығарып тастау шарасын қолданған жөн (мәселен автоматты ауақайтарғы қондыру арқылы). Көміртегінің барын от арқылы тексеруге болмайды. - Биметалды радиаторлар 20-25 атм дейінгі жұмыстық қысымға арналған, жылу бергіштік қасиеті жоғары, жүйе реттеу кезіндегі жылу тасымалдағыштың температуралық өзгерістеріне шыдамды, жылу тасымалдағыштың PH деңгейі 6-9 тең кезде коррозияға төзімді. Жылу тасымалдағышпен жанасқан кезде көміртегін бөлмейді, себебі жылу тасымалдағыш алюминиймен қапталған болат құбырдың бойымен қозғалады.
- Болат түтікті радиаторлар 10-12 атм дейінгі жұмыстық қысымға арналған, жылу бергіштік қасиеті қанағаттанарлық, жүйе реттеу кезіндегі жылу тасымалдағыштың температуралық өзгерістеріне шыдамды, коррозияға төзімділігі жылу тасымалдағыштың құрамындағы еріген оттегі мөлшеріне байланысты.
- Болат тақталы радиаторлар 9 атм дейінгі жұмыстық қысымға арналған, жылу бергіштік қасиеті жоғары, жүйе реттеу кезіндегі жылу тасымалдағыштың температуралық өзгерістеріне шыдамды, коррозияға төзімділігі жылу тасымалдағыштың құрамындағы еріген оттегі мөлшеріне байланысты.
- Дизайндық радиаторлар қасиеті бойынша болат құбырлы радиаторға ұқсас, көбіне ішкі сәнді толықтырып тұруға арналған радиаторлар, алайда жылыту міндетін де атқарады.
Термореттегіштер
Жылу құралының бойымен өтетін ыстық судың мөлшерін арнайы термореттегіш арқылы реттеп отырған ыңғайлы. Соңғы жылдары жылыту жүйесінде арнайы термореттегіштер Ресейде кеңінен қолданылуда.
Термореттегіш 2 бөліктен тұрады: термореттегіштің клапаны мен термостатикалық бастиек. Ең алдымен термореттегіштің клапанын орнатады (әдетте, жеткізуші құбыржолға). Клапанға құрамына газ толтырылған арнайы сильфон кіретін термостатикалық бастиек қондырылады. Сильфондағы пардың қысымы қоршаған ауа температурасына пропорционалды түрде өзгереді. Ауа температурасы жоғарылаған сайын пар қысымы да өсіп, сильфон қатпаршағының беті жазылады да, клапан корпусындағы ыстық судың өту қимасы арқылы жүруін тежейді. Ауа температурасы төмендеген жағдайда пар қысымы да төмендеп, сильфон қатпаршағы жиырылады да, клапан корпусындағы өту қимасын ашады. Өндірушілердің деректері бойынша жылыту жүйесінде термореттегішті қолдану, автоматты түрде реттеуінің арқасында, жылу шығынын 20%-ға кемітеді. Құбырдан көтерілетін жылу термореттегіштің жұмысына әсерін тигізбес үшін, термостатикалық бастиек горизонталды түрде тұратындай етіп, клапанды қондырған абзал. Сонымен қатар бөлек шығып тұратын сезбегі (датчик) бар термореттегішті қондыруға болады (мысалы жылыту құралы үй қуысында орналасқан және пердемен немесе қалқамен жабылған жағдайда). Егер де қолданыстағы жылу желісіне бұрын термореттегішті қондыру қарастырылмаған болса, оны қондырар алдында арнайы мамандармен ақылдасқан жөн.
Жылыту құралдарының сан алуандығы бір шетінен оларды таңдауға қолайлы жағдай болғанымен, таңдаудың тым көптігі адамда дүдәмалдылық тудырады. Сондықтан бұл жағдайда білікті мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Олар жылыту жүйесін жобалап, бар сұрақтарыңызға толыққанды жауап береді, техникалық мәліметтерге және сырт келбеті жөніндегі сіздің қалауыңызға қарай отырып, жылыту құралдарын таңдап береді.